СЛОВАКИЯЛЫҚ ҒАЛЫМНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТКЕН ҚАРАТАЛ ӨЗЕНІ АЛАБЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯ

 

2026 жылғы 16–20 маусым аралығында AP26102759 «Қаратал өзені экожүйесінің флорасы мен фаунасының жекелеген көрсеткіштеріне және судың сапасына мұздықтардың физика-химиялық және биологиялық ластануының әсерін зерттеу» жобасы аясында экспедициялық іссапар ұйымдастырылды.

Экспедиция құрамында жоба жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты Оксикбаев Берикжан Қылышбекович, Словакиядағы Жилина университеті Биік тау биологиясы институтының директоры, профессор Мариан Янига және ғылыми қызметкер Токпаев Қуаныш Марсбекович болды.

Экспедициялық зерттеулер Қаратал өзенінің негізгі бастаулары болып табылатын Қора және Шажа өзендерінде, сондай-ақ Жетісу Алатауының мұздықтарында жүргізілді. Іссапар барысында алдын ала белгіленген бақылау нүктелерінде өзен суларының физикалық көрсеткіштері анықталып, су сапасын кешенді бағалау мақсатында су, түпкі шөгінділер және балдырлар сынамалары жиналды. Жиналған материалдар зертханалық жағдайда химиялық және биологиялық талдаулар жүргізу үшін дайындалды.

Экспедиция барысында профессор Мариан Янига биік таулы экожүйелерді зерттеу саласындағы халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, сынама алу, далалық бақылаулар жүргізу және алынған нәтижелерді интерпретациялау бойынша ғылыми-әдістемелік кеңестер берді. Шетелдік ғалымның қатысуы зерттеу жұмыстарының ғылыми деңгейін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

Экспедиция нәтижесінде Қаратал өзені алабындағы мұздықтардың су экожүйелеріне әсерін бағалауға қажетті деректер мен сынамалар жинақталды. Алынған материалдар жоба аясындағы зертханалық зерттеулердің негізін құрайды.