ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН ЖУРНАЛИСТЕРДЕ

Алаштың бір азаматы Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орай Жетісу университетінің Ілиястану ғылыми-практикалық орталығымен  Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Ілияс әлемі» атты республикалық фестиваль  өтті. Рухани шарға еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық өнерпаз қатысты. Фестиваль 3 бағыт бойынша өткізілді. «Сөзімнен соғайын бір сұлу сарай» атты жыр мүшайрасына Солтүстік Қазақстан М.Қозыбаев атындағы университет, Түркістан облысынан Яссауи атындағы университет, Жаркент  колледжі, Талдықорған Политехникалық коледжі, Индустриялық колледжі және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ақындары қатысты. Бұндағы басты мақсат – Ілияс Жансүгіров өлеңдерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерін көтеру. Өзге ақындарға дес бермей, өрнекті өлеңдерімен Жетісу университеті Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі Журналистика және ақпарат білім беру бағдарламаларының 3-курс білімгері Қазтай Арсен жүлделі бірінші орынды иеленіп, ақшалай сыйлықпен марапатталды.