2026 жылғы 10 сәуірде гуманитарлық факультеті, шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының оқытушы-дәріскері, PhD Токтанова Асель Керимовна «Филолог-студенттердің тілдік рефлексиясын дамытудағы “Танымдық әлеует” концепциясының рөлі» тақырыбында ғылыми семинар өткізді. Аталған семинардың негізгі мақсаты – филолог-студенттердің тілдік рефлексиясын дамытудағы танымдық әлеует ұғымының ғылыми-теориялық негіздерін айқындау және оның оқу үдерісіндегі тиімділігін талқылау болды. Семинардың мазмұндық өзегі «танымдық әлеует» концепциясының теориялық негіздерін ашуға бағытталды. Аталған концепция Алаш қозғалысы өкілдері қалыптастырған ғылыми тұжырымдамалар негізінде жүйеленді. Теориялық бөлімде рефлексия және тілдік рефлексия ұғымдарының мәні айқындалып, алаш ғалымдарының осы мәселеге қатысты ғылыми пайымдаулары талданды. Соның негізінде филолог-студенттердің тілдік рефлексиясын дамытуға бағытталған авторлық концепция ұсынылып, оны жүзеге асыратын төрт деңгейлі әдістемелік жүйе сипатталды. Практикалық бөлімде жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерін қолдану арқылы студенттердің танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі интерактивті тапсырмалар ұсынылды. Бұл тапсырмалар тілдік талдау, өзіндік рефлексия және шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталды. Семинар барысында тілдік рефлексияның мәні, оның құрылымдық компоненттері, сондай-ақ танымдық әлеуеттің студенттердің аналитикалық ойлау қабілетін, тілдік сана мен коммуникативтік құзыреттілігін дамытудағы рөлі жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, заманауи педагогикалық тәсілдер мен инновациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктері ұсынылды. Іс-шараға факультет оқытушылары мен студенттері қатысып, көтерілген мәселелер төңірегінде белсенді пікір алмасып, ғылыми талқылауға қатысты. Семинар жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды.

