Жетісу университетінің студенттері Түркияның Наурыз мерекесіне қатысты

2026 жылғы 11-12 сәуір күндері Түркияның Нийде қаласында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, кең көлемде атап өтілді. Мереке түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын дәріптеумен қатар, қазақтың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік берді. Аталған мерекенің ұйымдастырылуына Нийде Омер Халисдемир университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері белсене ат салысты.

11 сәуір күні мерекелік шара Нийде қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шерумен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты. Концертте университет студенттері қазақтың ұлттық әнін шырқап, биін орындап, өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Шара барысында қазақтың ұлттық киімі мен әшекей бұйымдарының көркем үлгілері көрсетіліп, дефиле өткізілді. Концерт соңында Анталья қаласының бас консулы мен Нийде қаласының әкімі қатысушылардың өнеріне жоғары баға беріп, алғыс білдірді.

12 сәуір күні негізгі мерекелік іс-шара Түркиядағы қазақтар тығыз қоныстанған Қазақ Алтай ауылында жалғасын тапты. Аталған ауылда өткен Наурыз тойы ұлттық дәстүрлердің кеңінен көрініс табуымен ерекшеленді. Мерекелік бағдарлама аясында ат жарысы ұйымдастырылып, ұлттық ойындар мен мәдени көрсетілімдер қойылды. Сонымен қатар, қазақтың халық әндері шырқалып, ұлттық рух пен мәдени бірегейлік кеңінен насихатталды. Ауқымды деңгейде ұйымдастырылған бұл шара Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, сондай-ақ шетелдегі қазақ диаспорасының ұлттық болмысын сақтап, дамытуға елеулі үлес қосты.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant