«Future Horizons: Foresight in Education and Teacher Training» халықаралық форсайт-конференция

Ғылым декадасы аясында Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Future Horizons: Foresight in Education and Teacher Training» атты халықаралық форсайт-конференция өтті. Ауқымды ғылыми іс-шараны Дене шынықтыру және өнер факультеті, Педагогика және психология факультеті және Гуманитарлық факультет бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияның ашылуында Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс және интернационалдандыру жөніндегі проректор Бахтаулова Алефтина Сембаевна құттықтау сөз сөйледі. Конференция модераторы ретінде Педагогика және психология факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Есимбекова Асылжан Омаровна қызмет атқарды.

Конференция білім беру саласындағы заманауи үрдістерді, педагог кадрларды даярлауды жаңғырту, цифрландыру, инклюзивті білім беру, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу және болашақ мұғалімдерді даярлаудың жаңа тәсілдерін талқылайтын маңызды халықаралық алаңға айналды. Іс-шара барысында білім берудегі форсайт тәсілдеріне, алдағы өзгерістерді болжауға және заманауи білім беру ортасына тиімді шешімдер ұсынуға ерекше назар аударылды.

Конференция жұмысына шетелдік және отандық ғалымдар, жоғары және орта білім беру ұйымдарының өкілдері, жас зерттеушілер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Қырғыз білім академиясының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Добаев Киргизбай Дюшенбекович, Қазақстан-Неміс университетінің тілдік дайындық және сертификаттау институтының директоры Бачурка Мария Сергеевна, сондай-ақ Жетісу әлеуметтік-гуманитарлық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Султамбекова Жазира Джесамбековна болды.

Пленарлық бөлімде мазмұнды әрі өзекті баяндамалар ұсынылды. Атап айтқанда, Ибраимов Холбой Ибрагимович педагогикалық білім беруді қарқынды өзгерістер мен цифрландыру дәуірінде трансформациялау туралы баяндама жасады. Бабаев Доолотбай Бабаевич жаратылыстану-ғылыми білімді ықпалдастыру мәселелерін көтерсе, Дончева Юлия Георгиева Болгариядағы инклюзивті білім берудің мүмкіндіктері мен перспективалары туралы сөз қозғады.

Сонымен қатар білім берудегі инновацияларға арналған баяндамалар ерекше қызығушылық тудырды. Токтанова Асель Керимовна студенттердің тілдік рефлексиясын дамыту мақсатында EFL сабақтарына AI құралдарын енгізу мәселесін таныстырды. Sheraz Amjad педагогтерді жасанды интеллектіні кіріктіруге даярлауды психологиялық дайындық тұрғысынан қайта қарастыру мәселесін көтерді. Ал Zulfiya Shamilevna Abbassova бағалаудан тыс креативті ойлауды дамыту және білім берудегі форсайт мәселесіне тоқталды.

Аталған конференция ғылыми диалогті дамытуға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және жаһандық өзгерістер жағдайында білім беру болашағын қайта пайымдауға елеулі үлес қосты. Бұл іс-шара Жетісу университетінің ғылым мен инновацияны қолдауға, сондай-ақ жаңа буын бәсекеге қабілетті педагог кадрларды даярлауға бағытталған ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant