«Қазақтілді тілтанымдық контент пен цифрлық ресурстар» көшпелі семинар

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлескен «Қазақтілді тілтанымдық контент пен цифрлық ресурстар» тақырыбында көшпелі семинар өтті.

Семинарға Тіл білімі институтының, Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының, Тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері, университеттің профессор-оқытушылары және Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданы мектептерінен 100-ге жуық мұғалім қатысты. Көшпелі семинар көрмесінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжан қазақтілді білім беру үдерісін жетілдіруге арналған жаңа тілтанымдық контент пен цифрлық ресурстарды таныстырды.
Семинар барысында аталған институт қызметкерлері Қазақ тілінің ұлттық корпусының жұмыс істеу механизмдерін көрсетті. Электронды ресурстың «QAZLLM vs. CHATGPT: Қазақ этномәдени кодын жеткізудегі лингвистикалық ұқсастықтар мен басымдықтар», «Қателер ішкорпусы- қазақтілді жазарман сауаттылығы мен қазақ тілін үйренушілердің тіл меңгеру деңгейін анықтаудың цифрлық құралы», «Мектеп оқулықтары терминдерін біріздендіруде электронды сөздіктің тиімділігі», «LINGVOKÖMEK» қосымшасы: құрылымы мен контенті», «Мәтіннің цифрлық айналымы: мәтінтүзеткіш пен электронды кітапхана» және тағы басқа да бөлімдердің қалай жұмыс істейтінін айтты.

Семинар барысында Жетісу университеті мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Университет тарапынан сөз алған Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев бүгінгі семинар жоғары оқу орындарының оқытушылары мен педагогтерге заманауи цифрлық құралдарды тиімді қолдану мүмкіндіктерін таныстыруға, тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелерді талқылауға зор мүмкіндік болғанын атап өтті.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжан тараптар арасындағы келісім ғылыми-әдістемелік байланыстарды нығайтып, қазақ тіл білімін дамытуға, сондай-ақ білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуге жол ашатынына сенім білдірді.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant