БОЛАШАҚ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ПРАКТИКА ЕСЕБІ ҚАБЫЛДАНДЫ

               І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Журналистика» және «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын 4 курс студенттерінің өндірістік практика қорытындысы бойынша есебі қабылданды.

                Қорытынды есеп қабылдау барысында студенттер өндірістік тәжірибе кезеңінде атқарған жұмыстары мен жинақтаған тәжірибелері туралы баяндап, практика кезінде орындаған тапсырмалар мен кәсіби дағдыларын таныстырды. Сонымен қатар жүргізілген жұмыстардың нәтижелері сараланып, есеп беру құжаттарының талапқа сай рәсімделуі қарастырылды. Өндірістік практика студенттердің болашақ мамандығына бейімделуіне, редакциялық ортада жұмыс жасау мәдениетін меңгеруіне және теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруына зор мүмкіндік берді. Практика барысында білім алушылар бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс жүйесімен танысып, жаңалық жазу, сұхбат алу, мақала әзірлеу, ақпаратты өңдеу, мәтін редакциялау сияқты маңызды жұмыстарға белсенді қатысты. Сонымен бірге баспасөз қызметі, қоғаммен байланыс саласындағы құжаттармен жұмыс істеу, ресми ақпарат тарату, әлеуметтік желіге контент әзірлеу бағыттарында да тәжірибе жинақтады. Көптеген студент практикадан өткен мекемелер тарапынан оң пікірге ие болып, өздерінің алғырлығы мен еңбекқорлығын көрсете білді. Бұл өз кезегінде университетте берілетін білім сапасының жоғары екенін және студенттердің бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасқанын аңғартады. Комиссия мүшелері студенттердің жұмыстарына тиісті бағаларын беріп, алдағы уақытта журналистика мен қоғаммен байланыс саласында табысты еңбек ету үшін өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Студенттерге шығармашылық ізденісті тоқтатпау, кәсіби сауаттылықты арттыру, жаңа медианың талаптарына бейімделу, заманауи технологияларды меңгеру жөнінде кеңес берілді. Жалпы алғанда, өндірістік практика қорытындысы студенттердің кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлкен серпін беріп, болашақ маман ретінде тәжірибе жинауына жол ашты. Өндірістік практика барысында алған білім мен тәжірибе алдағы еңбек жолында өз жемісін беретіні сөзсіз. Университет қабырғасында алған теориялық білімдерін іс жүзінде дәлелдей білген студенттер ел дамуына үлес қосатын білікті маман атанарына сенім мол.

AI Assistant