Цюрих университетіндегі зерттеу тағылымдамасы

2026 жылғы мамыр айында AP26197965 «Посткеңестік Қазақстандағы этникалық репатрианттардың күнделікті өмірі: бейімделу стратегиялары мен интеграциялық тәжірибелері (Жетісу облысының мысалында)» ғылыми жобасының зерттеу тобы: жоба жетекшісі Н.К. Байгабатова және ғылыми қызметкерлер Г.И. Ишкалова, А.М. Абызова, А.С. Кайкибаева Швейцариядағы Цюрих университетінің әлеуметтік антропология және мәдениеттану кафедрасында қысқа мерзімді зерттеу тағылымдамасынан өтті.

Тағылымдаманың мақсаты – көші-қон, репатриация және әлеуметтік интеграция мәселелерін зерттеудегі заманауи шетелдік тәсілдерді зерделеу, сондай-ақ зерттеу тобы мүшелерінің теориялық-әдіснамалық даярлығын жетілдіру болды.

Сапар аясында профессор Peter Finke және Meltem Sancak-пен жұмыс кездесулері өткізіліп, жобаның аралық нәтижелері оның ішінде, Жетісу облысында жүргізілген далалық зерттеулер материалдары талқыланды.

Тағылымдаманың негізгі бөлігінде Цюрих университеті мен Цюрих қаласының Орталық кітапханасының қорларымен жұмыс  жасалды. Көші-қон, репатриация және интеграциялық тәжірибелер мәселелері бойынша ғылыми әдебиеттерді жинау және талдау жүргізілді. Жиналған материалдар жобаның теориялық базасын кеңейтіп, ғылыми жарияланымдарды дайындау барысында пайдаланылатын болады.

Тағылымдама жоба қатысушыларының ғылыми-зерттеу құзыреттерін нығайтуға және халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге ықпал етті. Сарапшылық консультациялар, эмпирикалық деректерді интерпретациялау және зерттеу жұмысын одан әрі дамыту бойынша құнды ұсыныстар алуға мүмкіндік берді.

#SDG #ЦУР #ТДМ