Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде дәстүрлі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Ауқымды шараға 150-ден астам мемлекеттік және жеке меншік мекеме, ұйымдар мен кәсіпорындар, сондай-ақ күштік құрылымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Банк ЦентрКредит», «Kaspi Bank», «ForteBank», «Еуразиялық банк» секілді жетекші қаржы ұйымдары да болды.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – университеттің бітіруші түлектерін еңбек нарығымен байланыстырып, олардың мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына қолдау көрсету. Іс-шара барысында жұмыс берушілер өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынып, түлектермен тікелей сұхбат жүргізді. Сонымен қатар жас мамандарға еңбек заңнамасы, мансаптық даму мүмкіндіктері және жұмысқа орналасу талаптары жөнінде кеңестер берілді.

Биылғы оқу жылында Жетісу университетін түрлі білім беру бағдарламалары бойынша 1300-ге жуық түлек тәмамдайды. Оның ішінде 519 студент мемлекеттік білім гранты негізінде білім алған. Жәрмеңке түлектерге болашақ жұмыс орнын таңдауға, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға және әлеуетті жұмыс берушілермен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

#SDG #ЦУР #ТДМ