«Университетке алғашқы қадам: оқу жүйесі және инфрақұрылыммен танысу» атты кураторлық сағат

2026 жылғы 10 қыркүйекте 6В06103 – «Ақпараттық жүйелер архитектурасы» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттеріне топ кураторы Оразбаева Асель Айтмухамедовна «Университетке алғашқы қадам: оқу жүйесі және инфрақұрылыммен танысу» атты кураторлық сағат өткізді. Кураторлық сағатта деканның оқу ісі жқніндегі орынбасары М.М. Тоқанов, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Д.Е. Қуатова мен кафедра меңгерушісі Л.А. Смагулова Жетісу университетінің оқу жүйесі мен инфрақұрылымын таныстыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара барысында студенттерге оқу үдерісін ұйымдастыру тәртібі, кредиттік оқыту технологиясының ерекшеліктері, сабақ кестесін пайдалану, білімді бағалау жүйесі және академиялық күнтізбе туралы толық ақпарат берілді. Сонымен қатар университеттің электрондық білім беру платформалары, студенттің жеке кабинеті, кітапхана қорын және цифрлық ресурстарды пайдалану тәртібі түсіндірілді.

Таныстыру жұмыстары аясында студенттер университеттің оқу ғимараттарын аралап, дәрісханалармен, компьютерлік сыныптармен, ғылыми кітапханамен, спорт кешенімен, бассейнмен, STEM зертханасымен, асханамен және студенттерге қызмет көрсету орталықтарымен танысты. Қауіпсіздік талаптары, ішкі тәртіп ережелері, академиялық адалдық қағидалары және студенттердің құқықтары мен міндеттері де назардан тыс қалмады.

Іс-шара соңында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қажетті жауаптар алды. Таныстыру жұмыстары 1-курс студенттерінің университет ортасына бейімделуіне, оқу үдерісін дұрыс ұйымдастыруына және университет мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына бағытталды.