«Патенттік базаларда іздеу және технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын дамыту» семинары

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Л. Карашолакова және Ғылыми жобалар және технологияларды коммерцияландыру кеңсесінің басшысы А. Алтай 7-8 қазан күндері Астана қаласында өткен «Патенттік базаларда іздеу және технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын дамыту» тақырыбындағы семинарға қатысты. Шараны Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы мен Ұлттық зияткерлік меншік институты бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға ұйым координаторы Н. Монтилот (Швейцария), патенттік ақпарат жөніндегі сарапшы З. Дюздже (Түркия) және еліміздегі жоғары оқу орындарының үйлестірушілері мен өкілдері қатысты.

Алғашқы күні зияткерлік меншік түрлері, технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын дамыту мүмкіндіктері, патенттік ақпараттарды іздеу тәсілдері мен құралдары, патенттік жүйе мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарының жұмысы жайлы айтылды. Жетісу университетінің орталығы бірқатар көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда. Шараның екінші күні практикалық сипатта өтіп, «Patentscope», «WIPO Inspire», «Derwent» платформаларында жұмыс істеу мен оларды ұтымды қолдану тәсілдері туралы ақпарат берілді.

Қатысушыларға Жетісу университеті Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығының қызметі жайлы таныстырылым жасалды. Талқылау кезеңінде өңірлік орталықтардың жұмысын жетілдіруге қатысты пікір алмасу өтті. Сонымен қатар, бірқатар сарапшылармен саладағы ынтымақтастықты нығайту жайы қарастырылды. Шара соңында біліктілікті растайтын сертификаттар табысталды.

#SDG #ЦУР #ТДМ