











І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған көрнекті ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Күлжамал Блеутаева атындағы аудитория ашылды. Салтанатты шараға ғалымның әріптестері, шәкірттері мен туған-туыстары қатысты.
Аудиторияның ашылуында университет ректоры Е. Бөрібаев сөз сөйлеп, ғалымның жоғары білім мен экономикалық ғылымды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
«Күлжамал Бегімбайқызы университетте 50 жылға жуық еңбек етіп, білікті мамандар даярлауға және ғылымның дамуына зор үлес қосты. Осындай ардақты ұстаз-ғалымның есімін ұлықтап, еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету – біздің парызымыз. Аудиторияны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға қолдау көрсеткені үшін марқұмның ұлына, келініне және туған-туыстарына алғысымды білдіремін», – деді ректор.
К. Блеутаеваның ғылыми-педагогикалық мұрасы – оның білім саласына адалдығы мен кәсіби ізденісінің айқын көрінісі. Ғалымның 180-нен астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Олардың қатарында бір монография, 20-дан астам оқу құралы, екі электронды оқулық, ВАК басылымдарында жарияланған 70-ке жуық ғылыми мақала бар.
Жиында профессордың еңбегі мен ұстаздық өнегесі жайлы әріптестері естелік айтып, оның ғылыми еңбектері кейінгі буын мамандарға бағыт-бағдар болатынын жеткізді.
Салтанатты шара К.Блеутаеваның ғылыми мұрасы мен экономикалық ғылымның өзекті мәселелерін талқылаған ғылыми конференцияға ұласты.
#ТДМ #SDG #ЦУР









