Филологиялық білім: дәстүрлер, цифрлық трансформация және жасанды интеллект халықаралық конференция

Жетісу университетінде филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Эмма Лидің 75 жылдық мерейтойына орай «Филологиялық білім: дәстүрлер, цифрлық трансформация және жасанды интеллект» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми жиынға ғалымның әріптестері, туған-туыстары мен шәкірттері қатысты.

Конференцияны университет ректоры Ермек Бөрібаев жүргізіп, мерейтой иесін 75 жасымен құттықтады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізіп, министрдің Құрмет грамотасын табыстады. Сонымен қатар Эмма Викторовнаның есімі университеттің Құрмет кітабына жазылғанын хабарлап, ғалымға  Алғыс хат тапсырды.

Эмма Ли Жетісу университетінде жарты ғасырға жуық  еңбек етіп келеді. Ол 1976 жылы С.М. Киров атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетін тәмамдаған. Сол жылы Талдықорған педагогикалық институтына жас маман ретінде оралды. Еңбек жолында оқытушы, филология факультеті деканының орынбасары, орыс тілі және ағылшын тілі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1997–1998 жылдары Оңтүстік Кореяның Санджу қаласындағы университетте корей тілін меңгеріп, Жетісу университетінде «Екі шет тілі: ағылшын және корей тілі» мамандығының ашылуына ықпал етті. Ғалымның ғылыми-педагогикалық еңбектерінің қатарында 100-ге жуық ғылыми жарияланым, оқу құралы мен монография бар.

Халықаралық конференция аясында Цюрих университетінің ғалымы О. Буренина-Петрова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Э. Какильбаева және Жетісу университетінің оқытушылары ғылыми баяндама жасады. Қатысушылар филологиялық білім берудің дәстүрлі бағыттары мен заманауи өзгерістерін, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектінің ғылым және білім саласындағы мүмкіндіктерін талқылады.

Жиын соңында Эмма Викторовнаға әріптестері мен шәкірттері ізгі тілектерін білдіріп, оның жоғары білім мен ғылым саласындағы көпжылдық еңбегін, кәсіби біліктілігін және жас мамандарды тәрбиелеуге қосқан үлесін атап өтті.

#SDG #ЦУР #ТДМ