Республика күніне арналған ашық сабақ өтті

2026 жылғы 24 қазанда ТҚ-411 және ИСР-411 топтарының кураторы Данияр Акпарович Абировтың ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күніне арналған ашық сабақ өтті. Іс-шараның мақсаты – студенттерге ұлттық мерекенің тарихи маңызын түсіндіру, елдің егемендігі мен тәуелсіздігі туралы танымын кеңейту, отансүйгіштік сезімін және азаматтық жауапкершілігін арттыру.

Сабақ барысында 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның маңызы қарастырылды. Бұл құжаттың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болғаны түсіндіріліп, онда бекітілген аумақтық тұтастық, азаматтық, дербес мемлекеттік бюджет және халықаралық қатынастардағы дербестік қағидаттарына назар аударылды.

Сонымен қатар Республика күнінің ұлттық мереке ретіндегі мәні мен оның қайта жаңғыруы туралы мәлімет берілді. Еліміздің мемлекеттілігін нығайту, тарихи сананы қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды құрметтеу мәселелері сабақ мазмұнының негізгі өзегіне айналды. Егемендік ұғымының ел болашағы, халық бірлігі және әр азаматтың жауапкершілігімен тығыз байланысты екені атап өтілді.

Ашық сабақ жастарды Отанын сүюге, ел тарихын құрметтеуге және тәуелсіздіктің қадірін түсінуге тәрбиелеуге бағытталды. Туған елдің жетістіктерін бағалау, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау және қоғам дамуына үлес қосу – жас ұрпақтың маңызды міндеттері екеніне мән берілді.

Қорытындысында Республика күнінің ел тарихындағы орны айқындалып, егемендікті сақтау мен нығайтудың ортақ жауапкершілік екені тұжырымдалды. ТҚ-411 және ИСР-411 топтарында өткізілген ашық сабақ «өте жақсы» деп бағаланды.