Ғылыми тағылымдамалар: халықаралық мүмкіндіктер және университет ғалымдарының тәжірибесі

3 қарашада «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ Жас ғалымдар кеңесі шетелде ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндіктеріне арналған ақпараттық онлайн-семинар ұйымдастырды. Іс-шара университеттің 313 конференц-залында Zoom платформасында өтті және оқытушыларды, жас ғалымдарды, магистранттар мен докторанттарды біріктірді.

Шақырылған спикерлер ретінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жаңабылов Алмасбек Есенбекұлы және Құжаттарды қабылдауды ұйымдастыру басқармасының бас менеджері Асанбаева Гүлзат Қайратқызы сөз сөйледі. Орталық өкілдері қатысушыларды жетекші шетелдік университеттер мен ғылыми ұйымдарда тағылымдамадан өту шарттарымен таныстырып, үміткерлерге қойылатын талаптарды, құжаттарды тапсыру рәсімін және конкурстық іріктеу кезеңдерін түсіндірді.

Кездесудің маңызды бөлігі жеке тәжірибе алмасу болды. Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы, PhD Р. Желдибаева және кеңес мүшесі М. Абайдельданова шетелдік ғылыми тағылымдамадан өту тәжірибесімен бөлісті және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Олардың сөйлеген сөздері бағдарлама туралы ақпаратты тәжірибелік ұсыныстармен және тағылымдамаға тікелей қатысушылардың көзқарасымен толықтыруға мүмкіндік берді.

Семинар ашық диалог форматында өтті: қатысушылар Халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдеріне және шетелде оқып, зерттеу дайындығынан өткен әріптестеріне сұрақтар қойды.

Кездесу қатысушыларға халықаралық академиялық ұтқырлықтың мүмкіндіктерін жақсы түсінуге және кәсіби және ғылыми даму үшін одан арғы қадамдарды айқындауға көмектесті.