Астанаға іссапар

ЖТН AP27510879 «Кекіренің жойылып бара жатқан түрлерін зерттеу және биотехнология әдістерімен сақтау» жобасы аясында жоба жетекшісі Карашолакова Лаззат Наушабаевна 2026 жылғы 20-25 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен Өңірлік экологиялық саммит – 2026 (Regional Environmental Summit 2026) аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ғылыми әзірлемелері мен инновациялық өнімдерін ұсыну мақсатымен Астана қаласына іссапарға жіберілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдегі экологиялық мәселелер бойынша ғылыми және практикалық шешімдерді талқылау, тұрақты даму бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ ғылым мен инновацияның қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделудегі рөлін көрсету болды.

Саммит аясында, Жетісу университетінің ғалымдары «RES 2026 EXPO» жасыл технологиялар мен тұрақты шешімдердің халықаралық көрмесіне қатысты. Көрме барысында жоба жетекшісі Карашолакова Лаззат Наушабаевна Өсімдіктерді микроклонды көбейту зертханасының ғылыми нәтижелері мен инновациялық әзірлемелерін таныстырды.

Экспозицияда зертхананың негізгі ғылыми бағыты – өсімдіктерді микроклонды көбейту технологиясы кеңінен таныстырылды. Бұл технология табиғи популяцияларда сирек кездесетін, жойылу қаупі төнген және эндем өсімдік түрлерінің генетикалық қорын сақтауға және көбейтуге бағытталған заманауи биотехнологиялық әдіс болып табылады.

Экспозицияда Жетісу Алатауы мен Іле-Балқаш аймағының табиғи флорасына тән сирек және эндем түрлердің зертханалық жағдайда алынған in vitro өсінділері мен микроклондары ұсынылды. Көрме қатысушылары микроклонды көбейту әдісінің артықшылықтарын – аналық өсімдіктің генетикалық тұтастығын сақтай отырып, шектеулі бастапқы материалдан қысқа мерзімде көп мөлшерде сау, вирустан тазартылған отырғызу материалын алу мүмкіндігін – жеке көрсетілген үлгілер арқылы көзбен көріп, тікелей зертхана қызметкерлерінен түсініктеме ала алды.

Сонымен қатар, аталған технологияның ғылыми-практикалық маңыздылығы ерекше атап өтілді: микроклонды көбейту әдісі тек сирек және жойылып бара жатқан түрлердің генофондын сақтаудың тиімді құралы ғана емес, сонымен бірге құрғақшылыққа төзімді, өңірлік ауыл шаруашылығы мен жасыл экономика үшін перспективалы өсімдік түрлерінің көшеттерін жаппай өндіруге арналған инновациялық технология ретінде де қарастырылды, бұл өз кезегінде көрменің «жасыл технологиялар және тұрақты дамыту» тақырыбымен үндесіп, жоба нәтижелерінің практикалық қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Көрме аясында ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары, мемлекеттік органдар және өндіріс өкілдерімен кездесулер өткізіліп, университеттің ғылыми әзірлемелерін өндіріске енгізу, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және инновациялық технологияларды ауыл шаруашылығында қолдану, сонымен қатар қатысушыларға университеттің ғылыми әлеуеті, зертханалық инфрақұрылымы және халықаралық ғылыми жобалар аясында қол жеткізілген нәтижелері таныстырылды.

23 сәуір күні Орталық Азияның криосферасы: ғылыми бағалаудан климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға дейін (Криосфера Центральной Азии: от научной оценки к совместным действиям по адаптации к изменению климата) сессиясына тыңдаушы ретінде қатысты.

Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылған көрмеге қатысу университеттің ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттауға, жасыл технологиялар саласындағы инновациялық әзірлемелерді таныстыруға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.