











Бүгін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін қолдауға бағытталған дәстүрлі «Jas Galym» конкурсы өтті. Биылғы конкурсқа төрт басым бағыт бойынша 21 жоба ұсынылды. Атап айтқанда, жобалар төмендегі бағыттарды қамтыды:
* технологиялық егемендік және өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік;
* денсаулық, адами даму және өмір сүру сапасы;
* ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, аумақтар мен өмірлік маңызды инфрақұрылымның орнықтылығы;
* іргелі зерттеулер, ғылыми қор және ғылыми әлеует.
Конкурстың ашылуында Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев жас ғалымдарға сәттілік, комиссия мүшелеріне табыс тіледі.
«Jas Galym» – үлкен жобалардың бастауы. Сондықтан жас зерттеушілердің бастамаларын қолдау біз үшін маңызды. Конкурсқа ұсынылған жобаларға әділ баға берілуі үшін комиссия құрамына университеттен тыс сарапшыларды шақырдық. Байқау университетте 2021 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Байқауға бөлінетін қаржы жылдан жылға өсуде. 2021–2026 жылдар аралығында конкурс аясында барлығы 55 ғылыми жоба қорғалды», – деді ректор.
Байқауға университеттің студенттері, магистранттары және 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар қатысып, өз жобаларын сәтті қорғады.
Конкурс қортындысы алдағы уақытта жарияланып, жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталады.

