Жаңалықтар мен оқиғалар
Гранттық жоба аясындағы Стамбұл Медиполь университетіне ғылыми іссапар
2025 жылғы 17-24 қараша аралығында Шығармашылық білім беру кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Усенова Аида Қажмухановна, Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Баженова Эльмира Даулетхановна және Құқықтық пәндер кафедрасының оқытушы-лекторы Сеилкасымова Роза Аскаровна Түркия Республикасындағы Стамбұл Медиполь университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінде ғылыми іссапарда болды.
Ғылыми іссапар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қаржыландыратын AP26102633 «Әлеуметтік-экономикалық теңсіздік жағдайында қоғамның гендерлік толеранттылығын қалыптастыру» атты гранттық ғылыми жобасын іске асыру аясында жүзеге асырылды.
Іссапар барысында зерттеушілер Стамбұл Медиполь университетінің академиялық қауымдастығы өкілдерімен ғылыми консультациялар өткізіп, сараптамалық сұхбаттар мен жұмыс кездесулерін ұйымдастырды. Атап айтқанда, философия докторы (PhD) Хатидже Дениз Генчпен кездесу барысында гендерлік саясаттың өзекті мәселелері, әлеуметтік теңсіздік, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы толеранттылықты қалыптастырудың білім беру және әлеуметтік-мәдени факторлары талқыланды.
Кәсіби пікір алмасу барысында кемсітушіліктің алдын алу, әлеуметтік теңсіздікті төмендету, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және түрлі әлеуметтік топтардың білім беру мен қоғамдық ресурстарға тең қолжетімділігін кеңейту бойынша халықаралық тәжірибелер мен заманауи тәсілдер қарастырылды. Алынған нәтижелер мен сараптамалық пікірлер жобаның мақсаттарын жүзеге асыру үшін маңызды ғылыми құндылыққа ие.
Ғылыми іссапар аясында зерттеу тобының мүшелері Стамбұл Медиполь университетінің кітапханасында болып, гендерлік толеранттылық, әлеуметтік әділеттілік және теңсіздікті еңсеру мәселелеріне арналған заманауи шетелдік ғылыми жарияланымдарды, талдамалық материалдар мен әдіснамалық дереккөздерді жинақтау және зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Жиналған материалдар ғылыми мақалалар, талдамалық есептер, әдістемелік ұсынымдар мен практикалық ұсыныстар әзірлеуде пайдаланылатын болады. Олар қазіргі әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлер жағдайында қоғамның гендерлік толеранттылығын қалыптастырудың тиімді тетіктерін әзірлеуге, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.




