І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде дәстүрлі 1-Наурыз «Алғыс айту» күніне орай «Айналайын» балалалар үйі тәрбиеленушілеріне арналған «ШЫН ЖҮРЕКТЕН — 5» атты мейірімділік акциясы ұйымдастырылды. Гуманитарлық факультетінің бастамасымен бес жыл бойы қатарынан өткізіліп келе жатқан «Шын жүректен -5» атты дәстүрлі шараға биыл университеттің барлық факультеті мен құрылымдық бөлімдері, білімгерлері қатысып, балаларды қуанышқа бөледі. Мейірімділік акциясының негізгі мақсаты жастарды адамгершілікке тәрбиелеу, өскелең ұрпақ арасында мейірімділік, қамқорлық сезімін қалыптастыру арқылы бүлдіршіндерді мейірімге бөлеу. Университет қабырғасында құрылған «Достық», «Rise up» еріктілер тобы тікелей осы балалар үйімен тығыз жұмыс жасайды. Қазіргі таңда балалар үйінде 90 бала тәрбиеленуде. Ай сайын туған күн иелерін құттықтау, атаулы мерекелер мен «Қуан сәби» шаралары бірлесе өткізіледі.
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін танытып, «ШЫН ЖҮРЕКТЕН — 5» атты мейірімділік акциясына көмек көрсеткен барлық факультеттерге, құрылымдық бөлімдерге, университетіміздің профессорлық-оқытушылық құрамына, білімгерлерге үлкен ризашылығымызды білдіреміз!