ШОҚАННЫҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ

2023 жылдың 29 сәуірі Журналистика және ақпарат БББ ЖҚ-111 тобы куратор Ілескен Әлбатырұлының ұйымдастыруымен Шоқан Уалихановтың зираты мен мемориалдық музейіне барды. Ш. Уәлиханов мемориалдық кешені сол жерге жақын орналасқан Жоңғар Алатауы жотасының атауымен «Алтын емел» деп аталады. Ғимараттың сырты қазақтардың көне сенім-нанымдарына сай дүниенің төрт бұрышын бейнелейтін бұрыш элементері бар мазар түрінде салынған. Музейге кіреберісте белгілі қазақ мүсіншісі Хәкімжан Наурызбаев граниттен қашап жасаған Шоқан Уәлихановтың мүсіні тұр. Оның артындағы қабырғаға ғалымның әйгілі саяхатының сызбасы көрсетілген қолдан жасалған үлкен гобелен ілінген. Сонымен қатар, музейде Ш.Уәлихановтың өзі және отбасы қолданған бұйымдар орын тепкен. Жетекшімен бірге музей ішін аралап болған соң, зират басына барып Құран бағыштадық. Аққан жұлдыздай қас қағым ғұмырында ғылымның бар саласын игеруге құлшынған Шоқан бабамыздың қолтаңбасын музей төріндегі әрбір жәдігер дәлелдеп тұрғандай. Осылайша Шоқанның мәңгілік мекені болған Шанқанай ауылынан ерекше толқыныс күймен кері аттандық.