Журналистика және ақпарат білім беру бағдарламаларының студенттері «Хабар 24» арнасының Жетісу облысындағы меншікті тілшісімен кездесті. Осындай керемет мүмкіндікті сыйлаған – оқытушы-дәріскер Баян Машрипханқызы.
Танымал журналист Ардақ Айбарұлы ҚБҚ-211 топ білімгерлерімен кездесу барысында ширек ғасырлық жұмыс тәжірибесінен бірнеше мысал келтіріп, қойылған сұрақтарға шынайы жауап беруге тырысты.
«Қанша дегенмен студенттердің ортасы таза ғой. Бізге бөлінген бір пардың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалдық. Жастар практикадан сабақ берсеңізші деп ұсыныс білдірді. Басшылық шақырып жатса, неге келмеске…», – деп сөзін аяқтады спикер.
Шара соңында қонағымыз университет телестудиясына барып, болашақ әріптестеріне сұқбат берді. Алғашқы «Тамырымды бүлкілдет, жылғалы өлең» атты жыр-жинағын да ала келген екен. Студенттер поэзия мен проза жайлы ой толғап, өлең де оқыды. Ең бастысы болашақ PR мамандарына пайдалы шеберлік сыныбы өтті.