Ашық есік күні

Жетісу облыстық сотында ашық есік күні өтті

Жетісу облыстық сотында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Құқық және экономика жоғары мектебінің студенттері үшін ашық есік күні өтті. Іс-шараға облыстық соттың судьясы Диляра Избаирова, Сот әкімшілігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Булат Джукенов, Департамент басшысының орынбасары Әбілсейіт Түлкиев, Департаменттің баспасөз және кадр қызметінің басшылары Нұрсұлтан Орынбасаров пен Жұлдыз Аманбек қатысты.

Жетісу университетінің студенттерін құқық саласы бойынша білім беру бағдарламасының жетекшісі Дәурен Бекежанов және Құқық және экономика жоғары мектебі деканының орынбасары Мәдина Алекбаева алып барды. Студенттерге судья Диляра Избаирова сот жүйесінің қырылымы, Жетісу облысындағы сот қызметі туралы және судьялардың жауапкершілігі туралы түсіндірді.

Сондай-ақ, қоғамның сотқа деген жоғары сеніміне, сот төрелігінің ұтқырлығы мен ашықтығына қол жеткізу, сотта азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігін жеңілдету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Департамент басшысы Булат Джукенов өз кезегінде студенттерді Жетісу облысы соты мен Департаменттің құрылымы мен тарихы, аудандық сот әкімшілерінің сот жүйесіндегі рөлі туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар, сот қызметін одан әрі жетілдіру, IT-технологияларды енгізу, сот кеңсесінің жұмысында «Сот кабинеті», «Төрелік» ақпараттық жүйесі сияқты цифрлық технологияларды қолдану бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Департамент басшысының орынбасары Әбілсейіт Түлкиев пен кадр қызметінің басшысы Жұлдыз Аманбек студенттерге сот мамандары лауазымдары мен судьялық лауазымдарға кандидаттарды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктері, қызметі және Сот төрелігі академиясына түсу, Департаменттің құрылымдық бөлімдерінің жұмыстары мен жалпы еліміздегі сот жүйесінің жұмыс бағыттары жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Баспасөз қызметінің басшысы студенттерге сот ғимараты бойынша экскурсия ұйымдастырып, ақпараттық технологиялармен таныстырды, сондай-ақ сот отырысы залдарында орналасқан аудио-бейне жазба құрылғыларының жұмысын көрсетті. Кездесу аясында студенттер сот қызметімен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.