Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы бойынша орындалып жатқан ЖТН АР19680053 «Гуманитарлық ғылымдар даму процесіндегі Ілияс Жансүгіров мұрасы: ХХІ ғасыр контексінде» ғылыми-зерттеу жобасы аясында жоба жетекшісі Шара Кыяхметова 2024 жылдың қаңтар айында Алматы қаласына Орталық мемлекеттік архив пен Ұлттық кітапханаға екі апталық іс сапарға барып қайтты. Іс сапар мақсаты — Ілияс Жансүгіровтің әлі де болса оқырманын таппаған араб және латын қарпінде жазылған еңбектерін жинастырып, кирилл таңбасына аударып, жариялап, ғылыми айналымға түсіру.
Ізденіс жұмыстары барысында Орталық мемлекеттік архивтегі Ілияс Жансүгіровтің 1368 нөмірлі қорынан 1930 жылы 2 қарашада «Еңбекші қазақ» газетінде араб таңбасымен жазылған Ә.Тәжібаевтың «Iлияс туралы бiр-екi сөз» мақаласы мен Қайыпназарұлы, Қалымбекұлының авторлығындағы «Ілияс жолбике емес» мақаласы алынып, кирилл таңбасына түсірілді.
Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан «Социалистік Қазақстан» (6 январь,1937ж.) газетінде латын қарпінде жарияланған, еш жинақтарына енбеген 10 мақала (Жамагетов С. «Ақынға алғыс», Ермеков Ә. «Шындықты суреттеген шығарма», Байтохин Ж. «Жастар сүйіп оқиды», Қорабаев Д. «Өлген таптың арам саясатын көрсететін шығарма», Күпсеков М. «Көркемдік жағынан да, тарихи жағынан да күшті шығарма», Байтуғанов Қ. «Халықтың тілі мен халықтың тілегіне сай жазылған поэма», Нағысбек «Сүйіп оқимыз», Мәметов А. «Шәкірттердің пікірі», Смағұлов С. «Ескі өмірді сықақтап», Ысмайылов Е. «Халықтық поэма») латыннан кирилл таңбасына аударылды.