І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 09.04.2024 күні Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қ.Б Сарбасованы еске алуға арналған «Ғазиз жүрек иесі» атты рухани кеш өтті.
Жиынға университеттің білімгерлері, профессор-оқытушылар құрамы, Жетісу өңірінің орта білім беру ұйымдарының ұстаздары, ғалымның шәкірттері мен жақындары қатысты.
Кеш барысында арнайы даярланған бейнеролик көрсетілді. Қатысушы қонақтар Қарлығаш Базарбекқызының қазақ ғылымы мен біліміне қосқан үлесі жайлы өткір пікірлер білдіріп, мұрасына үңілді. Ғалымның кәсіби қалыптасу жолы, Жетісу университетінің дамуына қосқан үлесі мен биік болмысы жайлы да айтылды. Оқыту ісіндегі принциптері, ұстанымдары, адами құндылықтары төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өтті.
Кездесуге қатысушылар естеліктерімен бөлісіп, жыр жолдарын арнады. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты А.Ғ Толамисовтің ықылас-хаты ұсынылды. Жиын соңы әсерлі әнге жалғасты.