Ғылым TALKS: «Ғылымдағы әйел — диалог және даму» дөңгелек үстелі

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының қолдауымен Ғылым TALKS: «Ғылымдағы әйел – диалог және даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға Жетісу университетінің ғалымдары мен Жетісу облыстық мәслихат төрағасы Г.Тойлыбаева, «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары А. Досмұхамбетов қатысты.

Жиынды ғылыми жұмыс және интернационалдандыру жөніндегі проректор, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алефтина Бахтаулова жүргізіп, дөңгелек үстелдің маңыздылығына тоқталды. «Бұл жиынның басты мәні – ғылым саласындағы әйелдердің рөлін арттыру, олардың жетістіктерін насихаттау және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Бүгінгі шара жаңа идеялардың туындауына, серіктестіктің қалыптасуына және ғылымдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашатын маңызды платформа болады деп сенемін»-деді.

Дөңгелек үстелдің өтуіне қолдау көрсеткен «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева қатысушыларға сәттілік тілеп, ғылым саласындағы әйел адамдардың рөлін жоғары бағалады. «Қазіргі таңда әйелдер ғылымның түрлі бағытында табысты еңбек етіп, ел дамуына зор үлес қосып келеді.

Осындай кездесулер арқылы біз гендерлік теңдікті нығайтып қана қоймай, жас қыз-келіншектерге ғылым жолын таңдауға шабыт береміз. Сондықтан бүгінгі диалог – болашақ дамудың кепілі. Баршаңызға нәтижелі жұмыс, тың ұсыныстар мен жемісті пікірталас тілеймін!»-деді.

Жиында Гуманитарлық факультетінің деканы, философия докторы, Р.Желдібаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А. Усенова, Физика және математика кафедрасының оқытушы-дәріскері Ә.Абдулаева мазмұнды баяндама жасады. Дөңгелек үстел соңында ҚР Ғылым қызметкерлері күніне орай бірқатар қыз-келіншектер ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant