Бір семестр — бір әлем

24.04.2026 күні сағат 11:20–12:15 аралығында І.Жансүгіров атындағы ЖУ бас ғимаратында мазмұны терең, тағылымы мол «Бір семестр — бір әлем. Академиялық ұтқырлықтың берген мүмкіндіктері» атты кездесу-конференциясын қауымдастырылған профессор Шыныбекова Айжан Сахановна ұйымдастырып өткізді. Аталған шараға Гуманитарлық факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының академиялық ұтқырлықпен шетелде білім алған «ҚТӘ-311» тобының студенттері, «ҚТӘ-211», «ҚТӘ-212», «ФҚ-211» топтарының білімгерлері белсенді түрде қатысты.

Академиялық ұтқырлықпен білім алған студенттер осы бағдарламасының мәні мен маңызын, оның студент өміріндегі орны мен мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндірді. Білім алушыларға шетелдік тәжірибе алмасудың тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, тұлғалық даму, дүниетаным көкжиегін кеңейту, мәдениетаралық коммуникацияны қалыптастырудағы рөлі ерекше екендігі нақты мысалдармен жеткізілді.

Шараның мазмұндық деңгейінің артуына кафедра меңгерушісі Қияхметова Шара Әсетқызының қолдауы зор ықпал етті. Сонымен қатар, оқытушы-тәлімгер Тумабаева Мадина Болатқызы мен ф.ғ.к., оқытушы-тәлімгер Турысбекова Әсем Ерікқызы өздерінің мазмұнды пікірлері мен терең ой қозғаулары арқылы кездесудің ғылыми-танымдық маңызын арттырды.

Кездесу барысында білімгерлер академиялық ұтқырлықтың артықшылықтары, іріктеу кезеңдері, талаптары мен мүмкіндіктері туралы нақты ақпарат алып қана қоймай, өз көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Еркін пікір алмасу алаңы қалыптасып, студенттердің болашаққа деген сенімі мен қызығушылығы арта түсті. Бұл іс-шара білімгерлер үшін тек ақпараттық емес, шынайы мотивациялық алаңға айналды. Ол олардың кәсіби бағдарын айқындап, жаһандық білім кеңістігіне ұмтылуына серпін берді. «Бір семестр – бір әлем» ұғымының астарында жатқан үлкен мүмкіндік пен жауапкершілік сезімі қатысушылар санасында нақты қалыптасып, жаңа белестерге ұмтылуға жол ашты.

AI Assistant