





Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті студенттері республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінде жоғары нәтиже көрсетіп, оқу орнының абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.
Әртүрлі бағыттағы зияткерлік сайыстарда бақ сынаған студенттер білімдері мен біліктерін сынға салып, үздіктер қатарынан көрінді.
Атап айтқанда, 23–24 сәуір күндері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында өткен ҚР жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы биология пәнінен XVIII республикалық олимпиадада Жетісу университетінің «Биология» білім беру бағдарламасының командасы жүлделі І орынды иеленді. Студенттер Рысбек Ақбота, Оразалинова Фариза, Иманәлиқызы Зиада теориялық және практикалық кезеңдерден тұратын байқауда кәсіби құзыреттіліктерін жоғары деңгейде дәлелдей білді. Ғылыми жетекшісі – жаратылыстану пәндері кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Данагул Мукашева.
Сонымен қатар, Тұран университеті базасында өткен «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиадада Жетісу университетінің «Golden Step» командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. Команда мүшелері ұйымшылдық пен кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, білім ордасының мерейін үстем етті. Ғылыми жетекшісі – Бибігүл Каримова.
Бұдан бөлек, Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті базасында өткен «Арнайы педагогика» бағыты бойынша XVIII республикалық студенттік пәндік олимпиадада Педагогика және психология факультетінің 3 курс студенттері де табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, Мырзахметова Аяжан мен Дүйсенбек Жанар ІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті базасында ұйымдастырылған «IQ АЛАМАН – 2026» XII республикалық байқауында Физика-математика факультетінің студенттері жүлделі ІІІ орынды иеленді. «Justice» командасы құрамында өнер көрсеткен Әбдіғалым Мәди, Ойрат Қайсар және Шаяхмет Тілек жасанды интеллект бағытындағы жобаларын сәтті қорғап, жоғары деңгейде танылды.
Дәл осы университет базасында B002 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламалары тобы бойынша XVII республикалық пәндік олимпиада өткен болатын. Аталған байқауға Педагогика және психология факультетінің «6B01202 – Мектепке дейінгі білім беру (IP)» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Амангельдина Айсымбат, Досымбекова Дильназ, Дәулетхан Мерей, Кызыргалиева Сарақатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.



Команданың ғылыми-әдістемелік жетекшілігін оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының оқытушы-дәріскерлері Асель Исатаева, Марал Байдилданова, Айзия Абишева жүзеге асырды.
Студенттер жоғары деңгейдегі теориялық дайындықтарын, педагогикалық және цифрлық құзыреттіліктерінің қалыптасқанын, сондай-ақ кәсіби бағыттағы тапсырмаларды тиімді шешу қабілетін көрсете білді.
Бұл жарқын жетістіктер – университет студенттерінің сапалы білім алып қана қоймай, цифрлық технологиялар мен кәсіби бағыттар бойынша жан-жақты дамып келе жатқанының айқын көрінісі.
Мұндай байқаулар мен олимпиадалар жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мол мүмкіндік береді.
Студенттерімізге алдағы уақытта ғылым мен білім жолында толағай табысқа жетіп, биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіреміз!
#SDG #ЦУР #ТДМ




