Жетісу университетінің студенттері хакатонда топ жарды

Астана қаласында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Инновациялық. Тұрақтылық. Болашақ» атты ауқымды хакатон жоғары деңгейде өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастардың басын қосты. Аталған шара инновациялық идеяларды қолдау, тұрақты даму бағытындағы тың жобаларды дамыту және жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында өткізілді.

Білім мен бәсеке тоғысқан додада І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері де белсенділік танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Университет намысын қорғаған жас зерттеушілер тың идеялары мен креативті жобаларын ұсынып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Дене шынықтыру және өнер, гуманитарлық факультетінің студенттері Данияр Әділбекұлы, Асқар Рахым, Рана Қабылай жүлделі 1 орынға ие болып, оқу орнының мерейін үстем етті. Олардың жобалары заманауи талаптарға сай келіп, инновациялық шешімдерімен ерекшеленді.

Бұл жетістік – студенттердің білімге деген құлшынысы мен ізденісінің, сондай-ақ университетте қалыптасқан сапалы білім беру жүйесінің нәтижесі. Студент жастардың мұндай ірі алаңдарда өздерін танытуы – еліміздің болашағы үшін маңызды қадам.

Жетісу университетінің студенттерін жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant