«Ілияс әлемі: тіл және таным» атты республикалық ғылыми-көпшілік дөңгелек үстел


29 сәуір күні Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында «Ілияс әлемі: тіл және таным» атты республикалық ғылыми-көпшілік дөңгелек үстел өтті. Басқосуға әдебиет зерттеушілері, ұстаздар, студенттер мен мектеп оқушылары қатысып, Ілияс поэзиясының көркемдік болмысы мен танымдық тереңдігі жан-жақты талқыланды.Дөңгелек үстел модераторы – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжанова сөз алып, Ілияс Жансүгіров мұрасының бүгінгі ұлттық сананы орнықтырудағы рөліне тоқталды. Жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Қазақстан Жазушылар одағы және Жетісу университетінің ғалымдары сөз алып, Ілияс поэзиясындағы тілдік, көркемдік ерекшеліктерге тоқталды. Ақын шығармашылығы туралы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессор м.а., ф.ғ.к. Кыяхметова Шара Әсетқызы «Мәлім және беймәлім Ілияс Жансүгіров» тақырыбында баяндама жасап, Ілияс жырларындағы ұлттық дүниетаным мен көркемдік жүйенің сабақтастығын атап өтті.  Дөңгелек үстелде сондай-ақ жас зерттеушілер өз еңбектерін таныстырып, пікір алмасты. Ілияс шығармаларын жаңа әдіснамалық тұрғыда зерттеу, цифрлық гуманитаристика аясында қарастыру мәселелері де қозғалды.  Шара барысында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастырған республикалық байқауда Қазақ тілі мен әдебиеті ББ студенттері  топ жарды. Ф.ғ.к., профессор м.а. Джакыпбекова Мамиля Тұрғамбайқызы жетекшілік еткен 1 курс білім алушылары Асан Аяулым жүлделі 1 орын иеленіп,  Керімбекова Еңлік 3 орынды жеңіп алды. Жүлдегерлерге институттың бас директоры А.Фазылжан дипломдар, сыйақы мен арнайы сыйлықтар табыстады. Шара соңында қатысушылар Ілияс Жансүгіров мұрасын кеңінен насихаттау, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытуды жетілдіру жөнінде ұсыныстар білдірді.

AI Assistant