Кербұлақ аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Жарнама мен көрнекі ақпараттағы тілдік нормаларды сақтау» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинардың мақсаты – жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде мемлекеттік тіл нормаларын сақтау, сауатты жазу мәдениетін қалыптастыру және қолданыстағы тіл заңнамасы талаптарын түсіндіру болды.
Іс-шараға Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушы-дәріскері, ф.ғ.к., Л.А.Чалтикенова спикер ретінде қатысып, жарнаманың түрлері, жарнама мәтіндерін рәсімдеудегі тілдік талаптар, көрнекі ақпараттағы орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық нормаларды сақтау мәселелері бойынша баяндама жасалды. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, тәжірибелік ұсыныстар айтылды.
Семинарға аудан мектептерінің мұғалімдері, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер және тіл мәселелеріне жауапты мамандар қатысты. Қатысушылар мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі қолданысын жетілдіру, жарнама мәтіндерінің сапасын арттыру және тіл мәдениетін қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Шара соңында қатысушылар семинардың маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен тілдік нормаларды сақтаудың қоғам үшін өзектілігіне тоқталды.

