«Конституция – құқықтық мемлекеттің негізі» дөңгелек үстел

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Конституция – құқықтық мемлекеттің негізі» тақырыбында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуіне арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға университет басшылығы, мемлекеттік органдардың өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынды университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев жүргізіп, қатысушыларды 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.

Өз сөзінде ректор жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің құқықтық жүйесіндегі маңызды кезең ғана емес, мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындайтын тарихи оқиға екенін атап өтті.

Дөңгелек үстелде Жетісу университеті базасында филиалы ашылған Италияның Марке политехникалық университетінің (UNIVPM) ректоры Энрико Куальяринидің бейнеүндеуі көрсетілді.

Жиын барысында Жетісу облысы Әділет департаментінің басшысы Жандос Бексұлтан, Физика-математика факультетінің деканы Ілияс Есенғабылов, Құқық және экономика факультетінің деканы Ғалым Телеуов, Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Әлібек Ізбасаров және Гуманитарлық факультет деканы Райгүл Желдібаева баяндама жасады.


Баяндамашылар жаңа Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері бойынша өз пікірлерін ортаға салды.

#SDG #ЦУР #ТДМ