



Бүгін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғалымдары Жарлыөзек ауылындағы «Oshaq» тұрақты даму орталығында АҚШ-тан келген белгілі ғалым, Батыс Мичиган университетінің профессор-зерттеушісі, инженерлік геоматика және су қауіпсіздігі саласының маманы, PhD докторы Джанай Сагинмен кездесу өткізді.
Кездесуге техника ғылымдарының докторы Е. Андасбаев, техника ғылымдарының кандидаты М. Джетимов, PhD докторлары Ж. Ахметов пен Б. Саткулов қатысты
Кездесу барысында тараптар Жетісу өңіріндегі және жалпы Қазақстандағы су ресурстарының жай-күйі, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тапшылығы мен су тасқыны тәуекелдерін басқару мәселелерін талқылады. Ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеулері мен тәжірибелерімен бөлісіп, су ресурстарын тиімді басқарудың заманауи тәсілдері жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаларға І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ғалымдарының қатысу мүмкіндіктері қарастырылып, болашақтағы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары нақтыланды.
#SDG #ЦУР #ТДМ

