





І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жүзеге асырылып жатқан AP23488199 «Инклюзивті білім беру жағдайында болашақ мектепке дейінгі ұйым педагогтерін кәсіби қызметке даярлау» ғылыми жобасы аясында жоба орындаушылары 2026 жылғы 13–18 шілде аралығында Батуми қаласында (Грузия) «Мектепке дейінгі ұйымдардың болашақ педагогтерін инклюзивті білім беру жағдайында кәсіби қызметке даярлау» тақырыбындағы ғылыми тағылымдамадан өтті. Ғылыми тағылымдама халықаралық «Edumediator+» оқу орталығы мен Шота Руставели атындағы Батум мемлекеттік университетінің базасында ұйымдастырылды. Жоба жетекшісі – PhD, қауымдастырылған профессор Г.С. Майлыбаева.
Тағылымдама барысында қатысушылар мектепке дейінгі білім берудегі инклюзивті тәсілдің қағидаттарымен, мектепке дейінгі жастағы балалардың дамуында кездесетін бұзылыстармен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың ерекшеліктерімен, сондай-ақ Грузиядағы инклюзивті білім беруді іске асыру тәжірибесімен танысты. Тағылымдаманың тәжірибелік бөлігінде әртүрлі даму бұзылыстары бар балаларға арналған жеке білім беру маршруттарын зерделеу және талдау; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуге қатысты нақты жағдайларды кейстік талдау және тиімді қолдау стратегияларын талқылау; мектепке дейінгі ұйымда инклюзивті білім беру ортасын құру бойынша ұсынымдар әзірлеу; халықаралық тәжірибе негізінде инклюзивті мектепке дейінгі білім беру практикасын жетілдіруге бағытталған шағын жобаларды дайындау және таныстыру жұмыстары жүргізілді.
Тағылымдамаға қатысушылар ғалымдар мен сарапшылар – Батуми мемлекеттік университетінің Ғылым және өнер факультетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Илия Дареджан (Джана) Кахиани, Шота Руставели атындағы Батуми мемлекеттік университетінің профессоры, академиялық қауымдастықтың жоғары білікті өкілі, филология ғылымдарының докторы Марине Арошидзе, психология ғылымдарының академиялық докторы, қауымдастырылған профессор Русудан Беридзе және басқа да мамандар ұсынған ғылыми көзқарастармен және практикалық тәжірибемен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Ғылыми тағылымдама білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін ықпалдастыруға бағытталып, қатысушылардың ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамытуға, халықаралық тәжірибені зерделеуге және инновациялық педагогикалық практикаларды мектепке дейінгі инклюзивті білім беру мамандарын даярлау жүйесіне енгізуге ықпал етеді.
#SDG #ЦУР #ТДМ

