





2026 жылғы 17–18 қыркүйек аралығында Түркияның Стамбул қаласында Білім берудегі технологиялар мен инновациялар жөніндегі халықаралық конференция (International Conference on Education in Technology and Innovation — ICETI 2026) өтті. Ғылыми іс-шараны Халықаралық білім және ғылым зерттеулері қоғамы (ISRES) ұйымдастырды.
Конференцияға І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғалымы, AP25794537 «Жасанды интеллект тілдік емес мамандық студенттерінің академиялық ағылшын тілін меңгерудегі көмекшісі ретінде: рандомизацияланған зерттеу» жобасының жетекшісі Райгүл Желдибаева қатысты.
Аталған жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» бағдарламасы шеңберінде 2025–2027 жылдарға арналған жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылуда.
Жобаның жұмыс жоспарына сәйкес ғылыми іссапар барысында Райгүл Желдибаева «Modes of Engagement with AI-Generated Feedback: A Case Study of Three Pre-Service EFL Teachers» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерін ауызша баяндама және ғылыми постер форматында ұсынды.
Зерттеуде болашақ ағылшын тілі мұғалімдерінің жасанды интеллект қалыптастырған кері байланысты қабылдау, талдау және оқу үдерісінде пайдалану ерекшеліктері қарастырылды. Бұл тақырып жобаның негізгі мақсаты — жаңа буындағы генеративті жасанды интеллект ресурстарын кәсіби жоғары білім беру бағдарламаларына енгізудің академиялық ағылшын тілін меңгерудегі тиімділігін анықтаумен тікелей байланысты.
Конференция қорытындысы бойынша баяндама тезистері Abstract Book жинағына енгізіліп, зерттеудің толық нұсқасы конференция материалдарының Proceedings жинағында жарияланады.
ICETI 2026 халықаралық конференциясына қатысу жоба нәтижелерін шетелдік ғылыми қауымдастыққа таныстыруға, халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасуға және зерттеудің ғылыми-әдіснамалық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.
#SDG #ЦУР #ТДМ



