











І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Құқықтық пәндер кафедрасы базасында болашақ заңгерлер үшін ашық сот процесі өтті. Практикалық іс-шараны кафедра оқытушылары Талдықорған қалалық соты және «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігімен ұйымдастырды.
Ашық сот процесіне «Құқықтану», «Құқық қорғау қызметі» және «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты.
Іс-шараның басты ерекшелігі – білім алушылардың сот ісін жүргізу тәртібімен тікелей тәжірибе жүзінде танысуы болды.
Сот процесіне Талдықорған қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы Әлібек Әбдіхаев қатысып, сот отырысының өту тәртібін көрсетті. Студенттер сот процесінің негізгі кезеңдерін бақылап, судьяның іс жүргізу барысындағы міндеттері мен жауапкершілігі туралы мағлұмат алды.
Практикалық сабақ барысында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігінің негізгі қағидаттары, соттың тәуелсіздігі және сот істерін қараудың заңмен белгіленген тәртібі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Құқық саласында маман даярлау барысында теория мен тәжірибенің сабақтастығы айрықша маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, ашық сот процесі студенттердің дәріс барысында алған білімін нақты құқықтық тәжірибемен байланыстырып, сот жүйесінің жұмыс тәртібін тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.
Практикалық іс-шара болашақ заңгерлердің кәсіби дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін арттыруға, заңды құрметтеуге және кәсіби жауапкершілікті сезінуге ықпал етті.
#ЦУР #SDG #ТДМ

