ЖҚ-311 тобында топ кураторы Айсұлу Жазыбекованың ұйымдастыруымен «Бостандықтан айырған батырма» тақырыбында кураторлық сағат өтті.
Кездесу барысында студенттермен заң талаптарын сақтау, әр әрекетке жауапкершілікпен қарау және түрлі арандатушы ақпараттарға ермеу туралы әңгіме өрбіді. Қазір ақпараттың жылдам тарайтын уақытында кез келген нәрсені ойланбастан қабылдап, бөлісе салу оңай. Алайда оның соңы күтпеген жағдайға әкелуі мүмкін екені айтылды.
Куратор студенттерге әр қадамды ойланып басып, ақпаратты саралай білу керектігін түсіндірді. Бір қарағанда елеусіз көрінген әрекеттің өзі үлкен жауапкершілікке себеп болуы мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болмасын, асықпай ойланып, саналы шешім қабылдаудың маңызы ерекше.
Кураторлық сағат студенттерге ой салып, өз ісіне жауапкершілікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды.

