ЖИ дәуіріндегі информатика мұғалімінің кәсіби дамуы

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Физика-математика факультеті, Информатика және білім беруді цифрландыру кафедрасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі информатика мұғалімінің тұрақты кәсіби дамуы» тақырыбында облыстық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Іс-шараға орта мектептердің информатика пәнінің мұғалімдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту, информатика мұғалімдерінің цифрлық және кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, сондай-ақ мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-әдістемелік ынтымақтастықты нығайту.

Семинар барысында мектеп мұғалімдері мен университет докторанттары жасанды интеллект құралдарын информатика сабақтарында қолданудың тиімді жолдары, оқу тапсырмаларын әзірлеу, оқыту үдерісін жетілдіру және педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы мәселелері бойынша баяндамалар жасап, өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті.

Kahoot, Mentimeter және Padlet платформалары арқылы ұйымдастырылған тапсырмаларға қатысып, жасанды интеллект құралдарын қолдануға қатысты өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар әр педагогтің кәсіби дамуының алдағы бағыттарын айқындауға ерекше назар аударылды.

Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификат табысталды.

#SDG #ЦУР #ТДМ