

















Жетісу университетінде Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдерімен кездесу өтті
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері ресми сапармен келді.
Бас консул Ха Тэ Ук пен консул Ким Сун А бастаған делегацияны Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев қарсы алды. Сапар аясында қонақтар университетте ұйымдастырылған «Кәріс мәдениеті» көрмесін тамашалап, білім ордасының басшылығымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Ермек Бөрібаев делегация мүшелеріне Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу бағытындағы қызметі, сондай-ақ Корея Республикасының жоғары оқу орындарымен орнатылған ынтымақтастық байланыстары туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Бас консул Ха Тэ Ук Жетісу өңіріне келгеніне қуанышты екенін жеткізіп, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы саяси және экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы саяси-экономикалық байланыстар тұрақты дамып келеді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты білім беру және ғылым салаларында да нығайтудың маңызы зор. Жетісу облысының аграрлық әлеуеті жоғары екенін білемін. Осыған орай, ауыл шаруашылығы мен логистика бағыттарында білікті мамандар даярлау, тәжірибе алмасу және ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша кореялық жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатуға ықпал етуге дайынмын», – деді Бас консул.
Университет ректоры ұсыныстар үшін алғыс айтып, Жетісу университетінің халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ынталы екенін атап өтті.
#ЦУР #SDG #ТДМ

