«Гипотеза және оны құру» тақырыбындағы ашық сабақ.

2026 жылғы 4 қарашада 6В01602-«Тарих және қоғамтану» (ІР) ББ ТҚҚ-311 тобында ТҚҚ-311 (ІР) тобының білім алушыларына «Академиялық жазылым» пәнінен «Гипотеза және оны құру» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Сабақты Калиева Бекзат Тынысбековна жүргізді.
Ашық сабақтың мақсаты – білім алушыларға ғылыми гипотезаның мәні мен түрлерін, құрылымы мен оны құрастыру қағидаларын түсіндіру, сондай-ақ зерттеу мәселесіне сәйкес ғылыми негізделген гипотеза ұсыну дағдыларын қалыптастыру.

Сабақ теориялық және практикалық бөлімдерден тұрды. Теориялық бөлімде Google Forms платформасы арқылы білім алушылардың қатысуы тіркеліп, сабақтың тақырыбы мен мақсаты таныстырылды. Өткен «Плагиат» тақырыбын бекіту мақсатында LearningApps және Canva платформалары арқылы «Плагиатты анықта» және «Дұрыс па, бұрыс па?» тапсырмалары орындалды. Жаңа тақырып Prezi платформасында әзірленген презентация арқылы түсіндіріліп, Blooket платформасында гипотезаның түрлері мен құрылымына қатысты сұрақтар қойылды.

Практикалық бөлімде білім алушылар «Сарапшы», «Талдау», «Жеңілмес интеллект», «Зерттеу әдістері» және «Плагиат» атты бес командаға бөлінді. Әр команда өз атауын, жұмыс бағыты мен мақсатын таныстырып, зерттеу мәселесін таңдады және сол мәселе бойынша ғылыми гипотеза құрастырды. Білім алушылар ұсынған гипотезаларын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, қарсы командалардың тапсырмаларын талдады.
«Сыншы пікірі» кезеңінде командалардың жұмыстары бағаланып, ұсынылған гипотезалардың мазмұнына қатысты пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сабақ соңында Slido платформасы арқылы кері байланыс ұйымдастырылып, білім алушылар сабақ мақсатына жету деңгейін, алған әсерлері мен түйген ойларын білдірді.
Ашық сабақ барысында цифрлық білім беру платформалары мен интербелсенді оқыту әдістері тиімді қолданылды. Білім алушылар сабаққа белсенді қатысып, топпен жұмыс істеу, зерттеу мәселесін талдау, ғылыми гипотеза құру және өз пікірін дәлелдеу дағдыларын жетілдірді.