Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутатымен кездесу

Бүгін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Наурыз Сайлаубай мен Халық Кеңесінің мүшесі Руфина Усановамен кездесу өтті.

Жиынды университеттің әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериев жүргізді.

Кездесу барысында Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай Жолдауда көтерілген инфрақұрылым және құрылыс, экономика мен жалпы ішкі өнім, агроөнеркәсіп кешені, қалалар мен өңірлерді дамыту, көлік және логистика салаларына қатысты негізгі бағыттарға тоқталып, студенттерге жан-жақты түсіндірме берді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Журналистика мамандығының 1-курс студенті Әмина Асқарқызы жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар санына қатысты сұрақ қойса, Педагогика және психология факультетінің 4-курс студенті Балнұр Базарбай азық-түлік бағасының өсуі, инфляция және онлайн сауда кезіндегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін көтерді. Құрылтай депутаты студенттердің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді.

Проректор Болат Сериев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында демографиялық өсімге байланысты студенттер санының артуын ескере отырып, жоғары оқу орындары үшін жаңа жатақханалар мен оқу корпустарын салу жөнінде ұсыныс білдірді.

Өз кезегінде Наурыз Сайлаубай кездесуде айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер депутаттық сауалдар жолдау кезінде назарға алынатынын жеткізді.

#SDG #ЦУР #ТДМ