ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ БОЧЧАДАН ӘЛЕМ КУБОГІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ!

2026 жылғы 4–9 қараша аралығында Бразилия Федеративтік Республикасының Сан-Паулу қаласында боччадан «São Paulo 2026 World Boccia Cup» халықаралық турнирі өтті.

Аталған халықаралық додада І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Дене шынықтыру және өнер факультетінің студенті, боччадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асқарбеков Қуаныш жоғары спорттық шеберлігін көрсетіп, І орын иеленіп, Әлем кубогінің жеңімпазы атанды.

Жарыс барысында Қуаныш қарсыластарынан басым түсіп, топтық кезеңде Бельгия және Португалия спортшыларын, ширек финалда және жартылай финалда Бразилия өкілдерін жеңді. Ал шешуші финалдық кездесуде Испания спортшысын 4:2 есебімен ұтып, алтын медальді қанжығасына байлады.

Бұл тарихи жетістік – студентіміздің қажырлы еңбегінің, табандылығы мен жоғары кәсіби дайындығының, сондай-ақ жеңіске деген жігері мен алға қойған мақсатына жету жолындағы тынымсыз еңбегінің айқын көрінісі.

Асқарбеков Қуанышты Әлем кубогіндегі айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы халықаралық жарыстарда толағай табыстар, биік белестер мен жарқын жеңістер тілейміз!