Жетісу университетінің студенті – Әлем кубогінің жеңімпазы!

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымы халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, Әлем кубогінің жеңімпазы атанған Қуаныш Асқарбековті салтанатты түрде қарсы алды.

Университеттің Дене шынықтыру және өнер факультетінің студенті, боччадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қуаныш Асқарбеков Бразилия Федеративтік Республикасының Сан-Паулу қаласында өткен «São Paulo 2026 World Boccia Cup» халықаралық жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, Әлем кубогінің жеңімпазы атанған болатын.

Жарыс барысында студентіміз Бельгия, Португалия және Бразилия елдерінің спортшыларын жеңіп, финалдық кездесуде Испания өкілімен бақ сынасты. Шешуші ойында Қуаныш 4:2 есебімен басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, ол халықаралық додада университеттің ғана емес, күллі Қазақстанның абыройын асқақтатып, көк туымызды көкте желбіретті.

Салтанатты рәсімде университеттің Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев Қуаныш Асқарбековті айтулы жеңісімен құттықтап, алдағы спорттық додаларда толағай табыс пен сарқылмас күш-қуат тіледі. «Университет үшін әрбір студенттің жетістігі – ортақ мақтаныш, әрбір жеңісі – ортақ жеңіс. Қуаныштың бүгінгі жеңісі өзге де жастарға шабыт беріп, жігерлендіреді деп сенемін. Біз білім мен спортта, ғылым мен шығармашылықта жетістікке ұмтылған студенттерімізді қолдауға әрдайым дайынбыз!» – дей келе, ректор университет атынан 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табыстады.

Қуаныштың спортта қалыптасуына және халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне үлес зор қосқан әкесі әрі жаттықтырушысы Айдос Асқарбеков университет ұжымына көрсеткен қолдауы мен құрметі үшін алғысын білдірді.

Қуаныш Асқарбековтің халықаралық аренадағы бұл жеңісі – табандылық пен қажырлы еңбектің, мақсатқа деген адалдық пен қайсарлықтың жарқын көрінісі. Қуанышты алда әлі талай асулар мен жарқын жеңістер күтіп тұр!

#SDG #ТДМ #ЦУР