«Әділет» партиясының мүшелері Жетісу университетінің оқытушыларымен кездесті

Бүгін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Әділет» партиясы мүшелерінің қатысуымен сайлауалды кездесу өтті.

Кездесуге «Әділет» партиясының мүшелері – партияның Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай, Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің директоры Данияр Ахмолдаев және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев қатысты.

Жиын барысында партия өкілдері университет оқытушыларын сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарымен таныстырды. Бағдарлама тоғыз бағытты қамтиды. Атап айтқанда, әдепті қоғам қалыптастыру, тиімді басқару, ауылдар мен өңірлерді дамыту, экономика мен цифрландыруды өркендету, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, адам капиталын дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау, мәдениет пен бірлікті нығайту, сондай-ақ Жетісуды таза әрі жайлы өңірге айналдыру мәселелеріне басымдық берілген.

Кездесу барысында Ермек Бөрібаев пен Амангелді Есбай Мемлекет басшысының Жолдауына тоқталып, онда көтерілген өзекті мәселелер мен өңірдің дамуына қатысты басымдықтар жөнінде пікір білдірді.

Ал Данияр Ахмолдаев Жетісу университетінің түлегі екенін атап өтіп, білім ордасының өңірдегі педагог кадрларды даярлаудағы рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, өзі басшылық ететін мектептегі ұстаздардың 50 пайызы – осы университеттің түлектері. Бұл Жетісу университетінің өңірдегі ұстаздар ұстаханасы ретіндегі маңызын айқындайды.

Кездесу барысында университет оқытушылары партия мүшелеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиын соңында қатысушыларды сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.

#SDG #ТДМ #ЦУР