«Таза сессия – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сапалы білім негізі»

Жаратылыстану-техникалық факультетінің студенттері арасында «Таза сессия – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сапалы білім негізі» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – білім алушылар арасында академиялық адалдық қағидаларын кеңінен насихаттау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай-ақ әділдік, ашықтық және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру.

Кездесуге университеттің әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректоры Болат Сериев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қобылан Манап, департамент басшысының орынбасары Асқар Арыстан, сондай-ақ профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер қатысты.

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, спикерлерден нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Ашық диалог алаңы білімгерлердің белсенділігін арттырып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Аталған іс-шара студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға және академиялық адалдық қағидаларын берік ұстануға ықпал етті. Мұндай кездесулер білім алушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, сапалы білім алуына және әділетті қоғам құруға негіз болады.

#SDG #ЦУР #ТДМ

AI Assistant