













Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды орнықты даму мақсатында халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Осыған орай Жетісу университетінде «Айналайын» балаларды қолдау орталығы мен университет арасындағы достық қарым-қатынастың 11 жылдығына арналған «Шын жүректен…» атты ізгілік іс-шарасы өтті.
Аталған іс-шара университеттің әлеуметтік жауапкершілік саясатының маңызды бағыты ретінде ұйымдастырылып, қоғамда қайырымдылық мәдениетін нығайтуға, балаларға жан-жақты қолдау көрсетуге және ізгілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға мейірім мен қамқорлық көрсету арқылы қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, волонтерлік мәдениетті дамыту, сондай-ақ университет ұжымы мен «Айналайын» балаларды қолдау орталығы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту.
Дәстүрлі шараға университет ректоры Ермек Бөрібаев қатысып, балаларды мерекемен құттықтады.
«Бұл шара – тек мерекелік кездесу емес, жүректен шыққан шынайы қамқорлықтың көрінісі. 11 жыл бойы жалғасып келе жатқан достық – біздің ортақ құндылығымыз. Университет ұжымы әрқашан балаларға қолдау көрсетуге дайын және бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады», – деп атап өтті.
Шара барысында мәдени-рухани кеш ұйымдастырылып, балалар мен студенттер өздері даярлаған концерттік бағдарлама ұсынды. Дәстүр бойынша көктем айында туған балаларға ерекше құрмет көрсетілді. Университет ұжымы мен студенттерінің «Сыйлық бұрышына» жинаған сыйлықтары орталық тәрбиеленушілеріне табысталды.
Ізгілік шарасына ҚР Парламенті Сенатының депутаты, облыстық әкімдік өкілдері, қоғам қайраткерлері, серіктес ұйымдар өкілдері, университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ «Айналайын» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері қатысты.
#SDG #ЦУР #ТДМ






























