



І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жүзеге асырылып жатқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ЖТН «BR24993150 Мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейін алды даярлауға психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында бағдарлама орындаушылары 2026 жылғы 14–20 маусым аралығында Испания Корольдігінің Барселона қаласында «Мүгедектігі бар адамдарды кәсіби еңбекке және тұрақты жұмыспен қамтуға даярлау: Испанияның инклюзивті жүйесінің тәжірибелері (Барселона мысалында)» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсына қатысу үшін педагогика ғылымдарының докторы, профессор З.А. Мовкебаеваның жетекшілігімен бағдарлама орындаушылары іссапарда болды.
Бағдарлама орындаушылары аутисттік спектрінің бұзылыстары және нейроәртүрлілігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді негізгі миссиясы ретінде ұстанатын Specialisterne Spain компаниясында болды. Компания қызметінің негізгі бағыттары: аутизмі бар адамдарды кәсіби даярлау және еңбек дағдыларын дамыту; оларды түрлі компанияларға жұмысқа орналастыру кезінде сүйемелдеу; ұйымдарда нейроәртүрлілік қағидаттарын енгізу жобаларын іске асыру; ақпараттық технологиялар саласындағы жұмыстарды орындау (бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеу, деректерді өңдеу, құжаттарды цифрландыру, деректер базасын басқару және т.б.); жұмыс орындарын бейімдеу және инклюзивті командаларды басқару мәселелері бойынша жұмыс берушілерге кеңес беру.
Қатысушылар сондай-ақ Каталониядағы жұмыспен қамтуды сүйемелдеу жүйесімен танысты. Бұл жүйе Еуропадағы мүгедектігі бар адамдарды еңбекке кіріктірудің ең дамыған модельдерінің бірі болып саналады. Оның қалыптасуында 1989 жылы құрылған және Испанияда алғаш болып жұмыспен қамтуды сүйемелдеу әдістемесін енгізген Fundació Aura қоры маңызды рөл атқарады. Бұл модель жұмыс орнын жекелей іріктеу, кәсіби даярлау, қызметкерді бейімделу кезеңінде сүйемелдеу мен еңбекке баулу тәлімгерінің қолдауына негізделеді.
Бұл тәжірибені дамыту мен таратуға Каталония мен Андорраның 33 ұйымын біріктіретін Каталонияның жұмыспен қамтуды сүйемелдейтін қауымдастығы (ACTAS) зор үлес қосуда. Қауымдастық жұмыспен қамтуды сүйемелдеу қызметтерінің жұмысын үйлестіреді, мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен өзара іс-әрекет жасайды, сондай-ақ еңбек инклюзиясы саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге ықпал етеді. Fundació Aura мен ACTAS тәжірибесі жұмыспен қамтуды сүйемелдеу моделінің мүгедектігі бар адамдарға тең мүмкіндіктер мен тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудегі тиімділігін көрсетеді.
Сондай-ақ курсқа қатысушылар үшін нейроәртүрлілігі бар адамдарды жұмыспен қамту бойынша Specialisterne Spain серіктесі болып табылатын Каса-Батльо ұйымына сапар ұйымдастырылды. Еңбек инклюзиясы бағдарламасы аясында кандидаттар олардың жеке қабілеттері мен кәсіби қызығушылықтарын ескере отырып іріктеледі, кейін қызметкерлер арнайы дайындықтан өтіп, бейімделу кезеңінде тәлімгерлердің қолдауына ие болады. Қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайлары жасалады: жұмыс міндеттері нақты құрылымдалады, түсінікті нұсқаулықтар беріледі, басшылар мен әріптестер тарапынан қолдау көрсетіледі. Мұндай тәсіл нейроәртүрлілігі бар адамдарға цифрлық жобалар және музейдің басқа да бағыттарында табысты жұмыс істеуге мүмкіндік береді әрі инклюзивті ұйымдық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Курс барысында Fundación ONCE / Inserta Empleo ұйымында кездесу өтті. Бұл ұйым Испаниядағы мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту және әлеуметтік интеграциялау саласындағы жетекші құрылымдардың бірі болып табылады. Ол кәсіби бағдар беру, оқыту, еңбек дағдыларын дамыту және жұмысқа орналастыруды сүйемелдеу қызметтерін көрсетіп, мүгедектігі бар адамдардың ашық еңбек нарығында жұмыс табуына көмектеседі. Оның қызметінің маңызды бағыттарының бірі – жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнату. Inserta Empleo компанияларға инклюзивті жұмысқа қабылдау, жұмыс орындарын бейімдеу және қолжетімді еңбек ортасын құру мәселелері бойынша кеңес береді. Соның нәтижесінде жыл сайын мыңдаған мүгедектігі бар адамдар кәсіби тұрғыдан дамып, тұрақты жұмыспен қамтылу мүмкіндігіне ие болады.



Қатысушылар қолжетімділік пен инклюзия саласындағы AccessLab — сараптамалық ұйым үйлестірушілерімен де кездесті. Кездесу барысында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік пен цифрлық инклюзияны дамытуға бағытталған инновациялық бастамалармен танысты. Білім беру, жұмыспен қамту, мәдениет және күнделікті өмірдегі кедергілерді жоюға көмектесетін технологиялық шешімдерді әзірлеу мен сынақтан өткізу мәселелері талқыланды. AccessLab қызметі бірлескен жобалау қағидаттарына негізделген, яғни мүгедектігі бар адамдар цифрлық өнімдер мен қызметтердің сапасын бағалау және жетілдіру үдерісіне тікелей қатысады. Мұндай тәсіл неғұрлым қолжетімді технологияларды құруға және мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық әрі кәсіби өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Барселона университетіне жасалған сапар, оның тарихи ғимаратымен және көрмелерімен танысуға, Испанияның жоғары білім беру жүйесіндегі мүгедектігі бар студенттерге арналған кедергісіз қолжетімділік тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ Испаниядағы инклюзивті жоғары білім берудің көшбасшыларының бірі болып саналатын Autonomous University of Barcelona университетіне бару ұйымдастырылды. Университет студенттерге арналған арнайы қолдау қызметтері арқылы академиялық сүйемелдеуді, оқу үдерісін бейімдеуді, ассистивтік технологиялар, сурдоаударма қызметтері, қолжетімді білім беру ортасы және оқытушыларға кеңес беруді қамтамасыз етеді.
Institut Escola del Treball инклюзивті кәсіптік білім беру орталығы әртүрлі білім беру қажеттіліктері бар студенттерге арналған инклюзивті оқыту қағидаттарын жүзеге асырады. Орталық білім беру бағдарламаларын бейімдеуді, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді, кәсіби бағдар беруді және өндірістік тәжірибені ұйымдастыру мен мүгедектігі бар білім алушыларды кейінгі жұмысқа орналастыру мақсатында жұмыс берушілермен өзара іс-әрекетті қамтамасыз етеді.
Қатысушылар үшін қолжетімді қалалық ортамен, кедергісіз инфрақұрылыммен және функционалдық ерекшеліктері бар адамдарды қоғамға кіріктіру тәжірибелерімен танысу мақсатында оқу-танымдық сапар да ұйымдастырылды.
Біліктілікті арттыру курсында оқу қатысушыларға Испанияның мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейіналды даярлау және жұмыспен қамту саласындағы тәжірибесімен танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар алынған білім мен технологияларды Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарының қызметіне енгізу арқылы психологиялық-педагогикалық қолдау сапасын арттыруға және осы санаттағы білім алушылардың кәсіби өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.
#SDG #ЦУР #ТДМ


