













І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың бейіналды дайындығын психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24993150 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды.
Семинардың мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды бейіналды даярлау моделінің мазмұнын, оны ұйымдастыру және әдістемелік қамтамасыз ету мәселелерін талқылау.
Семинарға жалпы орта және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшылары, білім басқармаларының өкілдері, жоғары және орта кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары, ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Кездесуде Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Б.Алмухамбетова мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейіналды даярлау, оқытушы-лектор Р. Есімханова еңбекке даярлау, Сарқан қаласындағы мектеп-интернатының директоры Б.Сарсенбаева зиятында бұзылыстары бар білім алушылардың еңбек және бейіналды даярлығын жетілдіру тақырыбында баяндама жасап, тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ облыстық №2 арнайы мектеп интернатының дефектологы Н. Мұсаханов, Ж. Алина, Э. Ошағанова, тағы басқа педагог-ғалымдар мүмкіндігі шектеулі балаларды кәсіби еңбекке даярлау, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуін қолдау, еңбек дағдыларын қалыптастыру және болашақ мамандықты таңдауға бағыттау мәселелері бойынша ой бөлісті.
Семинар тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды қолдаудың тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.
#SDG #ЦУР #ТДМ

