Әдеби кеш

Жетісу университетінің кітапханасында ақын, аудармашы, журналист, Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы Ғали Ормановтың 115 жылдығына арналған әдеби кеш өтті. Ақын атымен аталатын кітапхана қызметкерлері мен Гуманитарлық жоғары мектебі қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика мамандығының студенттері ұйымдастырған кеште Ғали Ормановтың қазақ әдебиеті мен аударма саласына сіңірген еңбегі баяндалып, өлеңдері оқылды.

Кеш барысында Жетісу университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Алефтина Бахтаулова сөз сөйлеп, Ғали Ормановтың Л.Толстойдың әлемдік классикалық романы «Анна Каренинаны», т.б. атақты шығармаларды қазақ тіліне аударғанына тоқталды.

«Ілиястану» орталығынң жетекшісі Мұратбек Иманғазинов Ғали Ормановтың Ілияс Жансүгіровпен қалай танысқанын айта келе, ұқыптылығы мен жазу жазудағы жылдамдығының арқасында Жамбыл Жабаевқа хатшы болғанын айтты.
Кеш барысында «Қалың қазақтың – Ғалиы» атты ақын өмірі мен еңбектеріне арналған көрме қойылып, ондағы кітаптар мен деректерді кітапхана қызметкері Ләззат Үшкемпірқызы жиналған қауымға таныстырды.