ШЫН ЖҮРЕКТЕН…

2022 жылғы 1 наурызда гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне және «Айналайын» балалар үйі арасындағы достық қарым-қатынастың 7 жылдығына орай дәстүрлі «Шын жүректен…» мерекелік концерті өтті. Сонымен қатар, іс-шара студенттерге білім беріп қана қоймай, әрбір жанның жүрегіне ізгілік пен мейірім нұрын себетін білімнің қара шаңырағы – оқу ордасының 50 жылдығына арналды.

Жеті жыл ішінде есте қалар естеліктер көп болды. Атап айтсақ, балалар үйінің 26 түлегі осы білім ордасына оқуға түсті.

Жастарымыздың кезекті құттықтау шарасында университет түлегі Ерасыл мен «Айналайын» үйінің тәрбиеленушісі Дарханның ағалы-інілі екендігі анықталды. Осы сахна бауырлардың қауышуына куә болды.

Жетісу университетінде оқитын 5000 мыңдай ақ жүрек білімгерлер айналайындық бүлдіршіндерге қамқор аға-әпке бола білді. Әдемі ән мен сазды әуен жұдырықтай ғана жүректерді шаттыққа бөлесе, сиқыршының таңғажайып өнері көрермен қауымды тәнті етті. Ал шат-шадыман жайдармандықтар балақайлардың дидарына күлкі мен қуаныш ұялатқаны хақ.

Университет ұжымы мен жылы жүректі білімгерлеріміздің жасаған сыйлықтары тау-теңіз. Сонымен қатар, қаңтар, ақпан, наурыз айында дүние есігін ашқан балаларға арнайы сыйлықтар мен үлкен тәтті торт табысталды.

Мерекелік концертте тосынсый болған тағы бір оқиға – «Харакет» қайырымдылық қорының мұрындық болуымен көмекке зәру көпбалалы отбасының баспаналы болуы. Кілтті жаңа үй иесіне – университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Қуат Маратұлы мен «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі Құсайынова Қаракөз табыстады. Университет тарапынан қосымша тұрмыстық техникалар, қажетті заттар берілді.

«Елy жылда ел жаңа» деп бекер айтылмаса керек. Оқу орны әлі талай мәрт, адамгершілігі мол азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеп шығарына сеніміміз мол.