ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР ЖАРАДЫ

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 50 жылдығына арналған «БІЛІМ ОРДАМ – БАҚ ОРДАМ» атты бейнесюжет байқауы өз мәресіне жетті. Оған оқу ордамыз бойынша жалпы 10-нан астам материал келіп түскен болатын. Байқаудың мақсаты – университеттің 50 жылдық мерейтойын насихаттау, білімгерлердің бойында қазақстандық патриотизмді және әлеуметтік белсенділікті қалыптастыру, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, талантты жас буынға қолдау көрсету болып табылады.

Университетіміздің дарынды, талапты студенттерін анықтау, шығармашылық ізденістеріне жағдай жасау және олардың өз елінің жетістіктері мен табыстарын құрметтейтін тұлғалық ерекшелігін насихаттау, Отансүйгіштікке, ұлттық болмысты қадірлеуге баулу аясында ұйымдастырылған шараға қатысқан білімгерлердің еңбегі қуантарлық. Әділ қазылар алқасы еңбектің мазмұны мен шығармашылық көркемдігіне, түсірілу сапасы, монтаждық үйлесімділігі және журналистік еркіндігіне баса назар аударды. Нәтижесінде  жүлделі бірінші орынды ЖҚ411 тобы иеленсе, екінші орынды ЖҚ311 тобы қанжығалады. Ал үшінші орынды ЖҚ312 мен ЖПҚ 211 тобы өзара бөлісті. Жүлдегерлер мен байқауға қатысушылар арнайы дипломмен марапатталды.